Салауатты тамақтану әдеттерін қалыптастыру
N16 Төлеубай Аманов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде ата-аналарға арналған “Салауатты тамақтану әдеттерін қалыптастыру” тақырыбында жиналыс өтті. Іс-шараның мақсаты – балалардың салауатты өмір салтының маңызды бөлігі ретінде ата-аналардың дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруына ықпал ету. Жиналыс барысында балалардың физикалық және психикалық дамуындағы дұрыс тамақтанудың маңызы жан-жақты талқыланды. Мамандар ата-аналарға дұрыс тамақтанбауға байланысты туындайтын аурулар мен олардың алдын алу жолдары туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, тамақтану әдеттеріндегі әртүрлілік, модерация және тепе-теңдікті сақтау қағидалары түсіндірілді.
Ата-аналарға үй жағдайында дұрыс тамақтану ортасын құру бойынша практикалық кеңестер ұсынылды. Мамандар пайдалы тағамдарды дайындау жолдары, балаларды көкөністер мен пайдалы өнімдерді тұтынуға дағдыландыру әдістерімен бөлісті.
Жиналыс соңында ата-аналар өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Бұл шара отбасы мүшелерінің дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға және балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

