«Екі жұлдыз» ән байқауы – өнер мен ынтымақтың жарқын көрінісі
«№16 Төлеубай Аманов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-де Дене шынықтыру, АӘД және музыка пән бірлестігі онкүндігі аясында ерекше әсерлі, мазмұнды шара – «Екі жұлдыз» ән байқауы өтті. Музыка пәнінің мұғалімі Жусанбаева Ғалия Серғазықызының бастамасымен ұйымдастырылған бұл өнер сайысы жоғары деңгейде өтті. Байқауға Шәкәрім университетінің 3 курс студенттері мен Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің 4 курс студенттері белсене атсалысып, мектеп оқушыларымен жұптасып, әсерлі ән шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Шараның басты мақсаты – оқушылардың өнерге деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және студенттермен бірлесе жұмыс істеу арқылы музыкалық тәрбие берудің тың жолдарын жүзеге асыру болды. Сонымен қатар, бұл байқау – ұрпақтар сабақтастығы мен өнерге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.
Байқау барысында әр жұп таңдаған әндерін жүрекпен жеткізіп, сахнада нағыз шығармашылық тандемді көрсете білді. Көрермендер әсерлі өнер көрсетілімдерінен ерекше шабыт алды. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар арнайы марапаттармен, дипломдармен марапатталды. Мектеп әкімшілігі мен бірлестік мұғалімдері байқауды ұйымдастыруға үлес қосқан барлық өнерпаздарға, ұстаздарға және серіктес оқу орындарының студенттеріне алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. «Екі жұлдыз» – бұл жай ғана ән байқауы емес, бұл – жас таланттардың қанат қағар алаңы, өнер мен достықтың тоғысқан тұғыры.
